Алғы сөз
Сіз обырлар туралы естіп пе едіңіз? Адам нанғысыз ғажайып қара күшке ие олардың көбі бұл күні жер бетінде қалмаған. Қалған аз бөлігі бірігіп Тұманшаһарды мекендеуде. Осыдан 15 ғасыр бұрын ескі адамдар мен обырлар арасында түзілген бейбітшілік келісімі жалмауыз Жалман патшаның жарлығы кесірінен бұзылмақ… Адамзат тарихына киелі жазбаларда келген орасан зор сұмдықтың төніп тұрғанын сезген Мейстер Мамур Мұнаралы қаланы тастап, адамдардың соңғы үміті – әлемді әлемет апаттан құтқаратын “СОҢҒЫ ОБЫРДЫ” іздеп Ниневияға табан тірейді…
Тимур Мустафаев 2026ж
Мазмұны
Обырлар мен адамдар
Жарлық
Той
Өтірік
Қашу
Құрбандық
Көне гавань
Аттану
СОҢҒЫ ОБЫР
Бірінші арка
Обырлар мен адамдар
Обыр күнтізбесі 1456 ж. күздің басы. Мейстер Мамур халқы құжынаған ескі порт қаласы Ниневияға келіп түсті. Өмірін қара сиқыр мен ғылым жолына сарп еткен осынау Балұттай алып мемлекеттің ең абыройлы мейстері Мұнаралы қаланы, патша сарайындағы бас мейстер қызметін тәрк етіп, талай-талай шақырымды теңіз бетімен тіліп, бұл қалаға не үшін бас сауғалап келді екен?
Мейстер көнетоз шапанының шетін қайырып, гаваньға аяқ басты. Самал жел бетіне есіп тұр, Мамур айналасына көз тікті, теңізшілер көпестердің сандық-сандық саттықтарын алып кемелерден түсіріп жатыр, құлдар ауыр жүкті арқаланып әкетіп әлек, аржағында тарыдай жайылып жатқан Ниневия қаласы. Мамур терең күрсініп, өз-өзіне сыбдырлап: – Ее, бір сұмдық келе жатыр, орасан зор нәубеттің бетін қайтарар киелі кітаптардағы соңғы… – деп бір пәс үнсіз қалды.
Тұманшаһарда байырғы дағды бойынша ақ тұман тұр. Тысыр-тысыр еткен қылыштар айқасының жаңғырығы шығып тұр. Бұл Сағым мен ағасы Мәлібек күнделікті әдетінше жаттығып жатыр. Сағым оң жақ төбесінен түсіп келе жатқан қылыш жүзінен епті айламен сытылып шығып, Мәлібектің арқасынан екі қолын аспандап кеп қаруын серпімек еді, алайда жел жылдамдықпен ағасы үшкір қылышын алқымына тақап қалды да:
– Сен әлі де тым көп артық қимыл жасайсың! – деді.
– Көресің, келесі жолы мен… – сөзін аяғына дейін тыңдамастан, Мәлібек қаруын қынабына салып, інісінен бірен адым аттап, анадайда әлсін тұман басқан Тұманшаһарға көз тігіп, сөзін жалғады:
– Енді жақында сен үйленесің. Екеуміз бұрынғыдай бірге уақыт өткізе алмаймыз…
– Неге? Мен мен.
– Мәселе жалғыз тойда ғана емес, мен “ақтұманшылар” күзетіне өтпекпін… өзің білетіндей, ол ұйымға сарбаз болғандарға отбасы мүшелерімен байланыс құруға қатаң тыйым салынады.
– …
Обырлар мен адамдар атаобыр заманынан міне, бүгінде 15 ғасырға жуық Балұтта бейбіт келісім бойынша тыныш ғұмыр кешуде. Задында обырлар адам баласында жоқ ғажап күшке ие-тын. Әйткенмен де келе-келе олардың бұл құдыреттері сарқылып, соңғы үш жүз жылда ол күшті көрген пенде жоқ… тек көне кітаптарда қалған жазбалардан оқып білуге болады.